БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Қазақстан климаттың өзгеруі саласындағы ашықтық жөніндегі екіжылдық екінші баяндамасын (BTR2) ұсынған әлемдегі үшінші мемлекет атанды


ЖАРИЯЛАНҒАН: 14.11.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Қазақстан Париж келісімі аясында климаттық ашықтықты нығайту және климаттық есептілік жүйесін дамытуға бағытталған жаңа ұлттық жобаны іске асыруға кіріседі.

Бұл бастама, сондай-ақ Ашықтық мәселелері жөніндегі екінші екіжылдық баяндаманы (BTR2) және Тоғызыншы ұлттық хабарламаны әзірлеу қорытындылары туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында COP31 конференциясы аясында өткен тақырыптық сессияда мәлімденді.

«Климаттық ашықтықты нығайту (ETF): CBIT және BTR аясындағы Қазақстан мен Орталық Азияның тәжірибесі» тақырыбындағы сессияда мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар бас қосты. Кездесу барысында климаттық есептіліктің ұлттық жүйелерін дамыту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қатысты деректерді мониторингтеу және олардың дұрыстығын тексеру (верификациялау) мәселелері талқыланды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырды. Оған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC), БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдігі (БҰҰДБ) және «Жасыл даму» АҚ қолдау көрсетті.

Сессияның маңызды сәттерінің бірі – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасында құжаттар папкаларын ресми түрде алмасу рәсімі болды. Бұл рәсім Париж келісімі аясында Климаттық ашықтықтың күшейтілген шеңбері (ETF) талаптарын орындау үшін Қазақстанның әлеуетін нығайтуға бағытталған «CBIT: Қазақстанның әлеуетін нығайту» ұлттық жобасының іске қосылғанын білдіреді.

Жоба еліміздің институционалдық және техникалық әлеуетін арттыруға, климаттық деректерді жинау мен талдау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ Қазақстанның Климаттық ашықтықты қамтамасыз етудің кеңейтілген жүйесінің (ETF) талаптарын орындауға дайындығын нығайтуға бағытталған.

Іс-шара барысында Қазақстанның климаттық есептілікті әзірлеу бағытында атқарған жұмыстарының нәтижелері де таныстырылды. Әсіресе, елдің алғашқы Ашықтық мәселелері жөніндегі екіжылдық баяндамасын (BTR1) Бакуде өткен COP29 конференциясында ұсынуынан бастап, оның БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) аясындағы халықаралық сарапшылардың қарауынан өтуіне және Бразилияда өткен COP30 конференциясы шеңберінде FMCP сессиясында қорытындылардың шығарылуына дейінгі тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, қатысушылар назарына COP31 конференциясы басталғанға дейін әзірленіп, ұсынылған Қазақстан Республикасының Ашықтық мәселелері жөніндегі екінші бірлескен екіжылдық баяндамасы (BTR2) мен Тоғызыншы ұлттық хабарламасы таныстырылды.

Пікірталас барысында сарапшылар BTR баяндамаларын әзірлеудің алғашқы кезеңінен климаттық ашықтықты қамтамасыз ететін тұрақты ұлттық жүйелерді қалыптастыруға көшу мәселелерін қарастырды. Негізгі басым бағыттар қатарында климаттық деректердің сапасын арттыру, мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, мониторинг пен есептілік үдерістерін цифрландыру, сондай-ақ алынған нәтижелерді ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерді (NDC) іске асыруда тәжірибе жүзінде қолдану мәселелері қамтылды.

Талқылаудың жеке бір бөлігі өңірлік ынтымақтастықтың перспективаларына арналды. Орталық Азия елдерінің өкілдері мониторинг, есептілік және верификация (MRV) жүйелерін қалыптастыру тәжірибесі мен тәсілдерімен бөлісіп, ортақ сын-қатерлер мен қажеттіліктерді айқындады. Сондай-ақ алдағы климаттық баяндамаларды әзірлеу барысында бірлескен жұмысты жолға қою мүмкіндіктерін қарастырды.

Климаттық ашықтық жүйесін дамыту климаттық саясаттың тиімділігін арттырудың, халықаралық серіктестердің сенімін нығайтудың және климаттық қаржыландыруды тартудың маңызды алғышарты болып табылады. Жаңа CBIT жобасының іске қосылуы Қазақстанға климаттық есептіліктің ұлттық инфрақұрылымын жүйелі түрде жетілдіруге және өңір елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Анықтама:

«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы. Орталық жасыл технологияларды ілгерілету, экологиялық жобаларға инвестиция тарту және тұрақты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында қызмет атқарады.