БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Қазақстан климаттық инвестицияларды тарту және жаһандық көміртек нарықтарына ықпалдасу бағытындағы жұмысты жандандыруда


ЖАРИЯЛАНҒАН: 05.10.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында экономиканы декарбонизациялау құралдарына, халықаралық қаржыландыруды тартуға және Қазақстанның жаһандық көміртек нарықтарына ықпалдасуына арналған «Климаттық инвестицияларды тартудың әлеуеті мен тетіктері» тақырыбында халықаралық семинар-тренинг өтті.

Іс-шарада Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлибек Қуантыров кіріспе сөз сөйледі. Ол көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ішкі және сыртқы капиталды жүйелі түрде жұмылдырумен қатар, заманауи қаржылық құралдарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Семинар барысында қатысушылар климаттық саясат пен климаттық қаржыландырудың негізгі бағыттары бойынша халықаралық және қазақстандық сарапшылардың баяндамаларын тыңдады. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 6-бап жөніндегі сарапшысы Йохан Нюландер Париж келісімінің 6-бабына сәйкес шығарындыларды азайту нәтижелерін беру тетіктері және көміртек нарықтары арқылы көміртексіздендіруге инвестициялар тарту мүмкіндіктері туралы баяндады.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің мүшесі, «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина Еуропалық одақтың трансшекаралық көміртекті реттеу тетігін (CBAM) енгізуіне байланысты туындайтын тәуекелдерге тоқталып, ұлттық шығарындыларды саудалау жүйесін халықаралық талаптарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының климаттық инвестицияларды тарту бойынша бірыңғай терезе ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Жасыл климаттық қор шеңберіндегі ынтымақтастық аясында Орталық климаттық жобаларды жүйелеуге, сондай-ақ халықаралық қаржыландыру мен технологияларды тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған Бірыңғай елдік климаттық платформаны әзірлеу жөніндегі бастамасын таныстырды.

«Бірыңғай елдік климаттық платформаны әзірлеу халықаралық қаржы институттары және инвесторлармен өзара іс-қимылдың тиімді құралдарының біріне айналады. Платформа климаттық бастамаларды жүйелеуге, Жасыл климат қорының қаржыландыруына қол жеткізуді жеңілдетуге және озық төмен көміртекті технологияларды трансферттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов.

Семинар қатысушылардың климаттық қаржыландыруды, көміртек нарықтарын дамыту және төмен көміртекті жобаларға инвестициялар тарту мәселелері бойынша ұсыныстарымен алмасып, ашық пікірталас өткізу форматындағы брейншторминг сессиясымен қорытындыланды. Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры Қуаныш Бейсенғазин сондай-ақ Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының Жол картасын экономиканың негізгі секторларында іске асыру жөніндегі практикалық қадамдарды таныстырды.

Іс-шара аясында халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері бас қосып, Қазақстанда климаттық қаржыландыруды тартудың практикалық тетіктерін жетілдіру және төмен көміртекті жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.